«JOL KZ» интернет-арнасы ашылды
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Өткен демалыста YouTube бейнехостингінде «JOL KZ» арнасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған каналда еліміздегі автожол саласының соңғы жаңалықтары жарияланып, түйткілді мәселелері көтерілмек.
– Қазақстанда алғаш рет автожол саласына арналған интернет-арна ашылып отыр. Бұл маңызды оқиға. Бүгінгі шараға сала өкілдері, журналистер қатысып отыр. Біз әрқашанда диалог үшін, конструктивті ескертулер үшін ашықпыз. Себебі мемлекеттік органдар, жол компаниялары, БАҚ пен барша қазақстандықтардың бірлескен күшінің арқасында ғана жұмысты жақсартып, Мемлекет басшысы алдымызға жүктеген міндеттерді орындай аламыз. Ал «JOL KZ» арнасы аталған мақсат үшін үлкен ақпараттық алаң болмақ, – деді Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов.
Бұдан бөлек, бірыңғай ақпараттық платформа дамуын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «естуші мемлекет» тұжырымдамасын нығайтуға ықпал ететіндігі, сондай-ақ, қойылған міндеттерді шешу алаңына айналатындығы баса айтылды.
Осылайша «JOL KZ» каналында құрылыс, реконструкциялау мен жол жөндеу мәселелері көтеріледі деп көзделген. Сонымен бірге, атқарылған жұмыстардың сапасы, жаңа технологиялар, жол қозғалысының қауіпсіздігі басты назарда болады.