Атыраулық жас суретшілер – байқау жеңімпаздары

Атыраудың жас суретшілері жемқорлыққа қарсы республикалық конкурстың жүлдегерлері атанды.
«Жастардың әлеуметтік және тұрақты даму қоры» ҚҚ «Адал еңбектің жарқын бейнесі» тақырыбында жас суретшілердің республикалық байқауын өткізді. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қолдау көрсетті. Бұл конкурс халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған.
Байқауға еліміздің әр өңірінен 7 – 9 сынып оқушылары қатысқан. Ал Атырау облысынан 60 жас суретші бақ сынаған. Оның арасынан 10 үздік суретші мен 3 жеңімпаз анықталды.
Бірінші орынды Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Аида Діңқайыр иеленсе, Ф.Досымова және М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептердің оқушылары Аружан Бибосын мен Жұлдыз Сағынованың суреттері екінші, үшінші орынға лайық деп танылды.
Жеңімпаздарға планшет, суретшіге арналған жиынтық, смарт сағат табысталды.