Тағы 1 500 пәтер тапсырылмақ

Атырау қаласында тозығы жеткен үйлерді мекендеуге мәжбүр болған тұрғындардың 40 пайызы жаңа баспанаға көшті. Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бүгінде облыс көлемінде апатты 82 көппәтерлі үй бар. Оның ішінде 51-і – апатты, 26-сы – тозығы жеткен тұрғын үй. Ал бесеуі – санитария нормаларына жатпайтын жатақхана. Апатты баспаналардың дені 1960-жылдары салынған.

Осында тұратын тұрғындарды жаңа баспанаға қоныстандыру ондаған жылдан бері қозғалып келе жатқан мәселе. Бұл бағытта өткен жылы 4 көппәтерлі тұрғын үй көшірілген болса, биыл 9 үй қоныс аударды.

Алдағы уақытта Атырау қаласында тағы 1 500 жаңа пәтер тапсыру арқылы бұл мәселені түбегейлі шешу жоспарланған.

Еске сала кетелік, жыл соңына дейін Атырау қаласындағы Молдағалиев көшесі 30, 33 А және Төлебаев көшесі 44 мекенжайындағы жатақхана тұрғындары баспанамен қамтылады.