Ресейден табылған атыраулық жауынгердің сүйегі туған жеріне жеткізіледі

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Смоленск облысынан табылған атыраулық жауынгердің сүйегі туған жеріне жеткізіледі.
«Переправа» жасағының командирі Наталья Максимованың айтуынша, қазан айында Смоленск облысының Кардым ауданында іздестіру жұмысы кезінде белгісіз жауынгердің сүйегі қазақстандық тарапқа тапсырылған.
Жауынгердің медальонындағы қағазда – Каз ССР. Гурьевская область, г. Гурьев, Баксайский район, посёлок Сарайчик, получить Ербатыровой Рахимой , – деген жазу бар.
Наталья 25 жылдан бері Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестірумен айналысады. Өзі Қазақстанда дүниеге келген. Сол себептен қазақстандық жауынгерлердің аты-жөнін анықтап, сүйегін туған жеріне жеткізуді парызы санайды.
Жақында Смоленк облысынан дерегі табылған белгісіз жауынгердің Сапарғали Мукалов екені анықталды. Жауынгер 1941 жылы Смоленск шайқасына қатысқан.
«Долг» іздестіру бірлестігінің жетекшісі Нина Куликовскихтің айтуынша, майдан даласында қазақ жауынгерлерінің сүйегі жиі кездеседі.
Жақын арада Сапарғали Мукаловтың сүйегі Атырау облысына жеткізіліп, туған жерінде әскери құрметпен жерленеді.