Таубаев пен Басаровтың ісі сотқа жолданды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен Құрылыс басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Агенттіктің хабарлауынша, олар Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы 200 орындық жаңа аурухана кешенін пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға жәрдемдескені және жалпы қамқорлығы үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы 185 млн. теңге сомасында аса ірі көлемде пара алуға күдікті болды.
3 желтоқсан күні қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Күдіктілер кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.