Түрмеге белгісіз шөп пен дәрі өткізбек болған

4 желтоқсан күні Атыраудағы тергеу изоляторында йогурттың ішіне белгісіз шөп пен ақ дәрі салып бермек болған 25 жастағы азамат ұсталды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
УГ-157/1 мекемесінің Күзет және режим бөлімі бастығының орынбасары Айдар Аққажиевтың айтуынша, сәлемдеме ұрлық жасағаны үшін уақытша қамауда отырған азаматқа арналған. Мекемеге Атырау облыстық Полиция Департаментінің Жедел тергеу тобы шақырылып, сәлемдеме иесін ұстады. Йогурт ішіндегі шөп пен дәріге сараптама жасалады.
Аталған департаментке қарасты УГ-157/1 мекемесінде заңсыз сәлемдемелердің жолын кесуге арналған іс-шаралар әлі де жалғаспақ.