Мақатта кәріздік-тазарту жүйесі іске қосылды

Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл жүйе тәулігіне 3 200 текше метр ағынды су тазартады.
Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, облыс халқының жоғары деңгейдегі коммуналдық қызмет түрлерін пайдалану бағытында қазіргі уақытта бірнеше инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – осы су тазартатын кәріздік-тазарту ғимаратының құрылысы еді.
Құрылыс жұмысы 2018 жылдың наурыз айында басталған. Мердігер компаниясы «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» АҚ.
Бұған дейін ауданның тыныс-тіршілігін көзбен көруге барған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов халықтың игілігіне айналар аталған құрылыс жұмыстарын жоспарлаған уақытта пайдалануға беруді тапсырған болатын.
– Осы тектес жоба бүгінгі күні Индербор кентінде жүзеге асырылып, кәріздік құбырлар мен сорғы стансалары пайдалануға берілуде. Сондай-ақ, Аққыстау кентінде өнімділігі тәулігіне 2 300 текше метр кәріздік-тазарту ғимаратының, ауылішілік кәріз құбырлары және сорғы стансаларының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалардың іске қосылуы экологиялық ахуал мен ауаның тазаруына мол септігін тигізері сөзсіз, – дейді облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сакпаров.
Сондай-ақ, Атырау қаласының сол жақ бөлігіндегі өнімділігі тәулігіне 70 000 текше метр кәріздік-тазарту ғимаратының құрылысы басты инфрақұрылымдық жоба ретінде жүргізіліп жатыр. 2017 жылдың соңында басталған стратегиялық маңызы бар ірі жобаның негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың соңында аяқталып, жобаны толықтай іске қосу 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарлануда.