Қайта әлеуметтендіру орталығына 160-қа жуық адам орналасты

3 желтоқсан күні аумақты аралау кезінде учаскелік инспекторлар СМП-136 ықшамауданындағы үйлердің бірінің жертөлесінде тұрып жатқан ер адамды анықтады.
Құрманғазы ауданының 50 жастағы тұрғынының әңгімесі бойынша, мұндай өмірге өзінің ішімдікке тәуелділігі әкелген.
Полиция қызметкерлері бұл азаматты «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа»
орналастырды.
Тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға қысқы мезгіл қиынға соғады. Олар қараусыз қалған ғимараттар, жертөлелер, жылу тұрба жолдарынан оқшауланған жерлерде мекендеуге мәжбүр. Көбінесе үй-күйсіз жандар мұндай жерлерде жүріп жарақат алып немесе басқа да жайттарға ұрынады.
Сондықтан осындай жандарды анықтап оларға қатысты оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында атыраулық учаскелік полицейлер бұл күндері ұдайы түрде рейдтер жүргізуде.
Жалпы жыл басынан бері атыраулық полицейлер 160-қа жуық адамды қайта әлеуметтендіру орталығына орналастырған.