«109»-ға 400 мыңнан аса атыраулық қоңырау шалған
Атырауда жыл басынан бері «109» бірыңғай байланыс орталығы қызметіне төрт жүз мыңнан аса тұрғын жүгінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облысы әкімдігі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын коммуникацияның жаңа құралдарын қолдану арқылы белсенді түрде жүзеге асыруда.
16 оператор мен 8 диспетчер төрт ауысыммен тәулік бойы қызмет ететін «Шұғыл желі» байланыс орталығына бүгінге дейін 401 604 азамат хабарласып, әртүрлі мәселелер бойынша кеңес алған.
⠀
Орталық мамандары тұрғындар өтінішін «109» қысқа нөмірі, WhatsApp чат бот, облыс әкімдігінің сайты, 109@scatyrau.kz электронды поштасы және atyrau109 Telegram чат боты, сондай-ақ, байланыс орталығының арнайы мобильді қосымшасы арқылы қабылдап отыр.
⠀
Жалпы облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер жыл басынан бері 1 479 азаматты жеке қабылдады. Аймақ басшысы тұрғындармен 10 мәрте кездесу өткізіп, 123 азаматты жеке қабылдады. Ал облыс әкімдігінің қоғамдық қабылдау мәселесіне 1 800-ден аса азамат жеке мәселелерімен хабарласып, кеңес алды.