Туды балконға ілуге рұқсат етілді

27 қарашада Премьер-министр Асқар Мамин ғимараттардың қасбетіне мемлекеттік туды ілуге рұқсат беретін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұран мәтінін пайдалану ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы қаулысына өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды. Бұл туралы sputnik.kz хабарлады.
Қаулыға сәйкес, Ережеде 4-тармақтың бірінші абзацы келесідей көрсетілген:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғаларға патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда, яғни тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда, ғимарат ішіндегі пәтер балкондарында және мерекелік іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануға, орнатуға болады.