ЖОО оқытушылары қағазбастылықтан құтылды

Жоғары оқу орындарының оқытушылары толтыруға міндеттеліп келген 11 құжат алынып тасталды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.
– Біз ҚР БҒМ бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, оқытушылар толтыратын құжаттар көлемін айтарлықтай қысқарттық. Тек соңғы өзгерткен бір бұйрықтың негізінде мысал келтірейін. Қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды. Олардың арасында оқу уақытын ай сайынғы және жылдық есепке алу ведомостары, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауға арналған бірнеше емтихан ведомостары, қорытынды аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия отырыстарының әртүрлі хаттамалары және тағы басқасы бар, – деді Білім және ғылым министрі.
Оның айтуынша, барлық құжаттар цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Мысалы, бір ғана кафедраның жұмыс жоспарын жүргізу үшін 21 тармақтан құралған құжатты толтыру керек. Ал ол көп уақытты қажет етеді. Енді оның бәрі міндетті құжаттардың тізімінен қысқартылды. Оқытушылардан алдағы уақытта басшылық сол құжаттарды талап етсе, ҚР БҒМ-нің бұйрықтарына сүйене алады.