Қоқыс тастағандар жауапкершілікке тартылуда

Атырауда «Қоршаған ортаны, ортақ пайдаланатын орындарды ластау» бойынша 1 500-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Атырау полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құқықбұзушылардың әрқайсысына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың 300-і осы бұзушылықты қайталап жасағандар. Оларға ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 2-бөлімі «Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер» бойынша хаттамалар толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Қоршаған ортаны таза ұстау, құқықбұзушылықтарды болдырмау бағытында учаскелік инспекторлар тұрғындармен профилактикалық жұмыстарын үнемі жүргізуде.