813 отбасы апатты үйден жаңа пәтерге көшті
Атырау қаласында апатты үйде тұратын 813 отбасы жаңа пәтерге көшті. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қуанышқа кенелгендер арасында қарабатандық 27 отбасы бар. Олар Жұлдыз шағынауданындағы жаңа пәтерлерге орналасты.
Биыл тозығы жеткен ескі үй тұрғындарының 40%-ы жаңа баспанаға көшті. Алдағы уақытта 1 500 жаңа пәтер тапсырылса, өңірдегі апатты үй тұрғындарының мәселесі түбегейлі шешiледі. Осы мақсатта жыл соңына дейін Атырау қаласындағы Молдағалиев көшесі 30, 33 А және Төлебаев көшесі 44 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарын баспанамен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар, Атырау қалалық әкімдігі ескі үйлердi күреумен қатар, аталған тұрақтардың инфрақұрылымын пайдалана отырып, жаңа үй құрылысын жүргiзуге инвесторлар тарту, тиісті техникалық кепілдіктердi сақтай отырып, аз шығынмен, ескі үйлердi қалпына келтіру жолдарын карастыруда.