Мұғалім гипоаллергенді сабын жасап шығаруда

Атырау облысында мектеп мұғалімі экологиялық таза сабын жасаумен айналысып жүр. Бұл туралы Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде Мақат кентіндегі №76 Латиф Шахатов орта мектебінің мұғалімі сабынның бірнеше түрін жасап шығарып отыр. Химиялық қоспасыз жасалған сабындар – экологиялық тұрғыда тазалығымен ерекшеленеді.

Гипоаллергенді өнімді күнделікті тұрмыста иіс сабыны ретінде пайдалануға болады.

– Сабынды жасау барысында табиғи өнімдерді пайдаланамын. Мәселен, лимон – денеге балғындық, құрамындағы С дәрумені ағзаға нәр береді. Ал ақжелкен қосылған сабынның құрамында көптеген дәрумендер топтамасы бар. Ақжелкенді кептіру арқылы жасалған сабынды жаңа туған нәрестеден бастап, кез келген жастағы адам қолдануға болады. Эфир майы өнімге хош иіс береді, – дейді Мақат кентіндегі №76 Латиф Шахатов орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Марфуға Ағынова.

Мектепке биыл жұмысқа тұрған жас маманның сабын жасаумен айналысып жүргеніне бір жылға жуық уақыт болған.

– Химия өте қызықты сала. Осындай тұрмыста қолдануға болатын өнімдер жасауға баулу арқылы, оқушылардың қызығушылығын ашуға болады. Толық қыр-сырын меңгеріп алғаннан кейін, сабын жасауды оқушыларыма үйретуге дайынмын, – дейді Марфуға Ағынова.