ХҚО-ның қызметкерлерін кеңсеге шақырып қызмет алуға болады
Енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері түрғындардың құжаттарын үйге жеткізіп береді. Qazaqstan.tv-дің хабарлауынша, бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.
Сонымен қатар, жұмыс істейтін қазақстандықтар ХҚКО операторларын кеңсеге шақыртып, қызмет ала алады.
– Халыққа ыңғайлы жаңа ұсыныстарымызды енгізіп жатырмыз. Мысалы, ХҚКО қызметкері дайын құжаттарды үйге жеткізіп береді. Банктердегі жеке менеджерлерге ұқсас, ХҚКО-дан да жеке операторды офиске шақыртып, қызмет алуға болатын механизмді іске қосамыз, – деді миниcтр Үкімет отырысында.
Мусиннің мәлімдеуінше, жылдан жылға электронды түрде көрсетілетін қызметтер саны ұлғаюда. Қазіргі таңда мемлекеттік тізімде 700-ге жуық қызмет бар. Олардың 85,5 пайызы онлайн түрде көрсетіледі.