Құрманғазыдағы жаңа орталық аурухана да пайдалануға берілді

Құрманғазы ауданында жаңа орталық аурухана пайдалануға берілді. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

75 орындық жаңа типті ауруханада бес бөлім жұмыс істейді.

Перзентхана, хирургия, балалар бөлімшесі, инфекциялық және жалпы терапия бөлімдері салаға қажетті соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталуда. Ал жұқпалы аурулар бөлімшесі өз алдына жеке ғимаратта.

Сонымен бірге, жедел жәрдем көліктері қойылатын жылы бокстар бар. Ас дайындайтын орын, кір жуу және дезинфекциялау бөлімшелері бөлек тұрғызылған.

Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлсара Нұрмағанбетқызының айтуынша, бұрын ескі ғимаратта реанимациялық көмекті қажет ететін науқастар екінші қабатқа қол еңбегімен тасымалданған болса, қазір бұл жаңа ауруханада арнайы жүк лифті бар.
Операциялық кабинет бұрын бір адамдық болса, жаңа ғимарат күрделі отаны екі науқасқа қатарынан жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа аурухананың перзентхана бөлімшесінде қажет жағдайда анаға реанимациялық көмек көрсетуге, нәрестенің жүрек соғысын бақылауға, шала туған нәрестелерді бақылауға арналған кювездер бар.

Пандемияның екінші толқынына дайындық барысында, жаңа аурухананың хирургия бөлімі провизорлық стационар ретінде жасақталуда.
Бөлімшелердің барлығында 63 оттегі нүктесі бар.

Оттегін беру процесі енді бір орталықтан басқарылады. Бұрынғыдай ауыр балондар тасудың қажеттілігі жоқ.

Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург Нұрғиса Шолпанов пандемияның

– Әр палатаға кемінде үш оттегі нүктесі жүргізіліп отыр. Жалпы аурухана тоғыз ИВЛ аппаратымен қамтамасыз етілді.
Реанимациялық үш кереует бар. Және екі интенсивті терапия кереуеті жасақталды.
Реаниматолог дәрігерлеріміз соңғы емдеу хаттамасы бойынша онлайн оқулардан өтті. Қазіргі уақытта аурухананың провизорлық бөлімшесінде 28 кереует дайындалуда. Науқас саны көбейетін болса, оны 40 кереуетке дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар, – дейді Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург Нұрғиса Шолпанов.

Аурухана «НКОК» компаниясының демеушілігімен салынды.

Құрманғазы ауданында орталық аурухана, орталық емхана, 16 амбулатория, 2 селолық аурухана, 8 медициналық пункт бар.

Аталған медициналық мекемелерде барлығы – 63 дәрігер, 336 орта медициналық орта буын қызметкері еңбек етуде. Оның ішінде Құрманғазы аудандық орталық ауруханасында 13 жоғарғы буын, 49 ортаңғы, 36 кіші буын медициналық қызметкерлері бар.