Қазақстан мұнайының 55 пайызы Атырауда өндіріледі

Соңғы 10 айда Атырау облысында 39 млн. 300 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз маслиқатында мәлімдеді.
– Облыстың жалпы өңірлік өнімі осы жылдың қаңтар-маусымында 3 трлн. 930 млрд. теңгеге жетті. Нақты көлем индексі – 102,2 пайыз. Ал республиканың жалпы ішкі өнімі көлеміндегі облыстың үлес салмағы – 14 пайыз. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 6 млн. теңге, – деді ол.
Әкім Атырау өңірінің экономикалық өзегі мұнай-газ секторы екенін баса айтты.
– Облыстағы өнеркәсіптік өнімдегі оның үлесі 88 пайызды құрайды. Биыл 10 айда 39 млн. 300 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл – Қазақстанда өндірілген жалпы мұнай көлемінің 55 пайызы. Облыста мұнай-газ саласы бойынша ауқымды жобалардың ең ірісі – келешекте Теңіз кен орнын кеңейту жобасы. Оның жалпы құны – 46 млрд. доллар. Бұл жоба мұнай өндіруді жылына 12 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Теңіз кен орнын кеңейту жобасына 300-ге жуық қазақстандық компания ат салысуда. Бүгінде 27 мың адам жұмыс істеп жатқан жобаның 80 пайызы дайын.
Мұнай-газ саласындағы тағы бір ауқымды жоба Қашағанның да маңызы күннен күнге артуда. Облыс басшысының айтуынша, онда осы жылдың 10 айында 12 млн. 700 мың тонна мұнай өндірілген.