10 пайыздық салықты кейін төлеуге болады

Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде 10% табыс салығын зейнетке шыққаннан кейін бөліп төлеуге рұқсат етіледі. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Сенат Салық кодексіне тиісті түзетулерді қабылдап, құжатты мәжіліске қайтарды. Қолданыстағы заңға сәйкес, зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алған азамат 10% жеке табыс салығын төлеуі тиіс. Сенат депутаттары бұл қазақстандықтарға салмақ салады деп санайды.
– Соңғы уақытта қоғамда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу және оған салық салу мәселесі қызу талқыланып жүр. Мәселені оңтайлы шешу үшін сенат депутаттары жеке табыс салығын төлеу мерзімін кейінге шегеруді ұсынады. Яғни салықты зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлеуге болады, – деді сенатор Ольга Булавкина.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкімет сенаттың бұл бастамасын толығымен қолдағанын атап өтті.
– Депутаттар зейнетақыны алған кезде салықты бірден ұстап қалмауды ұсынды. Яғни қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алған уақытта жеке табыс салығын төлемейді. Оны төлеу кейінге, болашаққа қалдырылды, – деді Дәленов.
Сенат депутаттары Салық кодексіне енгізілген тиісті түзетулерді қабылдап, мәжіліске жіберді. Мәжіліс мақұлдаған жағдайда, құжат президентке жолданады.