Кардиоорталықтың 50 орындық жапсаржайы ашылды

Атырауда кардиоорталық жанынан 50 орындық жапсаржай пайдалануға берілді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Орталықтың негізгі бағыты – кардиология және жүрек-қан тамыр хирургиясы, интервенциялық кардиоангиология және аритмология, сонымен қатар, көп салалы хирургия.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы демеушілігімен салынған жапсаржай үш қабаттан тұрады. Онда қабылдау-сұрыптау, диагностикалық аймақ, клиникалық-зертханалық қызмет, әкімшілік, кардиохирургия және қан тамырлары хирургиясы, реанимациялық-операциялық блок пен рентгенхирургиялық қызметі бар интервенциялық кардиология бөлімшесі орналасқан.
Ең бастысы – ғимаратта орталықтандырылған оттегі станциясы бар. Станция оттегін үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді.
Атырау облыстық кардиологиялық орталығы – аймақ тұрғындары мен көрші облыстардан келген емделушілерге жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін бірден бір емдеу сауықтыру мекемесі.