Ақтөбелік жасөспірім Атыраудан табылды

15 жасар ақтөбелік жасөспірім қыз Атырау қаласынан табылды.
Атырау облыстық полиция департаменті қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр. Шараның алғашқы үш күнінде түнгі сағат 23:00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз көшеде жүрген 94 жасөспірім анықталған.
Жасөспірімдердің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қазан күні полиция органдарына Маңғыстау облыстық полиция департаментінен 15 жасар жасөспірімнің Ақтау қаласындағы үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, отбасына оралмағаны туралы хабарлама түскен. Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жасөспірімді Құрсай ықшамауданындағы нағашы әжесінің үйінен тапты. Тексеру кезінде Ақтөбе қаласында тұратын 15 жасар жасөспірім Ақтау қаласындағы туыстарының үйіне барған. Белгілі болғандай, ол туыстарына ескертпей, таксимен Атырау қаласына келген.
Қазір жасөспірім Атырау қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.