Ералы Тоғжанов іссапармен Атырауға келді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердің эпидемиологиялық жағдайы және коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындығымен танысу мақсатында ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді.
Ералы Тоғжановтың келуіне орай Атырауда жедел кеңес өтіп, онда аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірдің COVID-19 екінші толқынына дайындығы туралы баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер өңір басшылығына эпидемиологиялық ахуалды, халықты және медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен, сондай-ақ, ӨЖЖ аппараттары және оттегі концентраторларымен қамтамасыз етілу мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды және карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ттапсырды.
Жұмыс сапарының барысында Тоғжанов 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысының барысымен және облысты дәрі-дәрмекпен қамтудағы тұрақтандыру қоры мен аймақтың дәріхана желілеріне 42 атау бойынша дәрілік заттарды жеткізетін «Іңкәр» ЖШС қоймасының жұмысымен танысты. Атырау қаласының №4 емханасында болды.
Сонымен қатар, өңірде «Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан алты жолақты автожолдың құрылыс жұмыстарының сапасымен және 600 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты.