Топтасып пәтер тонағандар ұсталды
Атырауда «Пәтер» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде бұзып кіру арқылы пәтер ұрлығымен айналысқан топ ұсталды.
– Атырауда жедел-іздестіру шарасын өткізу кезінде екі адамнан құралған қылмыстық топ анықталды. Биылғы тамыз айынан бастап олар жеке үйлердің терезесін бұзып, 12 ұрлық жасаған. Заттай айғақтар – ұрланған заттар тәркіленді, – деп хабарлады полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев.
Ұсталушылардың бірі – бұрын сотталған 30 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұрын әлденеше рет сотталған 34 жастағы екіншісі басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Жеті пәтер ұрысы мен ұрланған мүлікті сатататын екі адам полиция есебіне алынды.