Елдегі сұранысқа ие және сұранысы төмен мамандықтар

Елдегі ең тапшы мамандар – жол жұмысшысы, күзетші, даяшы, дәнекерлеуші, автокөлік жүргізушісі. Бұл туралы Еnergyprom.kz хабарлады.
Заңгерлер мен экономистерге сұраныс өте аз.
Биылғы жылдың үшінші тоқсанында электронды еңбек биржасында білікті жұмыскерлерге арналған 176 мың бос жұмыс орны бар. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 12,2%-ға көп. Орналастырылған түйіндемелер саны 123,1 мыңға жетті, ол екінші тоқсанға қарағанда 20,2%-ға артқан. Жалпы карантиннің енгізілуіне байланысты шілде айында сұраныс пен ұсыныстың төмендеуі байқалды, бірақ тамыз айында карантиндік шаралар біртіндеп әлсірегеннен кейін бос жұмыс орындары мен түйіндемелер саны артқан.
ЭЕБ-да Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Қарағанды мен Қостанай облыстары сияқты солтүстік өңірлерде бос жұмыс орындары белсенді түрде орналастырылған. Бұл өңірлерде республика бойынша үшінші тоқсандағы барлық бос жұмыс орындарының 45%-ы орналастырылды. Осы кезеңде Нұр-Сұлтан мен батыс өңірлерінде – Маңғыстау және Атырау облыстарында жұмыс іздеушілер түйіндемелерін белсенді түрде орналастырған.
Елімізде ең көп сұранысқа ие мамандар — жол жұмысшысы – 6,8 мың бос жұмыс орны, күзетші – 4,9 мың бос жұмыс орны, автомобиль жүргізушісі – 4,3 мың бос жұмыс орны, бастауыш сынып мұғалімі – 3,3 мың бос жұмыс орны және медбике – 2,9 мың бос жұмыс орны.
2020 жылдың үшінші тоқсанында ең тапшы мамандар – жол жұмысшысы, күзетші, даяшы, дәнекерлеуші және автомобиль жүргізушісі. Бұл мамандықтар бойынша бос жұмыс орындар саны түйіндеме санынан 4,8 мыңға асады.

Сонымен қатар, Қазақстандағы ең қажет емес мамандар – заңгер, экономист, инженер-программист, дене шынықтыру мен спорт мұғалімі және фельдшер екен. Бұл мамандықтар бойынша жұмыс іздеушілерден түскен түйіндемелер саны бос жұмыс орындарының санынан 1,7 мыңға артық.