Жасөспірімдер қылмысы азайды

Атырауда қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдер саны азайған. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері жәны олардың құқықтарына қорғау жөніндегі облыстық комиссиясының отырысы өтті. Жиында полиция органдарында есепте тұрған балалармен жүргізілген жұмыс, медициналық-әлеуметтік есепке алуды ұйымдастыру мәселесі айтылды. Сондай-ақ, жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жасалған жұмыстар талқыланды.
Бүгінде өңірдің мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып, рейдтік шаралар жүргізілуде. Соның нәтижесінде, биыл қылмыстық жауапкершілікке тартылған оқушылар саны төмендеген.
– Өткен жылдың тоғыз айында кәмелетке толмаған 74 бала қылмыс жасаса, биыл аталған мерзімде 57 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы жылы қылмыс жасаған жасөспірімдер саны 23 пайызға азайды. Сонымен қатар, 2020 жылдың 9 айы бойынша полиция бөлімдерінің есебіне кәмелетке толмаған 90 бала, оның ішінде 68 мектеп оқушысы мен 22 колледж студенті алынған. 2019 жылы аналогиялық мерзімде бұл сан 127 болған. Осы көрсеткіштерден кәмелетке толмағандар арасына құқық бұзушылықтың едәуір төмендегенін байқаймыз, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.