Биыл өндірісте 8 адам қаза тапқан
Соңғы 9 айда өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан сегіз адам қаза тапқан. Бұл туралы брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров мәлімдеді.
Жыл басынан бері барлығы 18 жазатайым оқиға болып, 13 адам ауыр жарақат алды.
Бас еңбек инспекторының мәліметі бойынша, жалақы, еңбек шарттары, заңсыз жұмыстан босату сияқты мәселелер бойынша 1000-нан астам өтініш келіп түсіп, 403 адамның конституциялық құқығы қорғалған. Тексеру нәтижесінде 46 азаматқа 4,7 млн. теңге жалақысы қайтарылды. Пандемияға байланысты ауқымды тексеру жүргізуге мүмкіндік болмауда.
Өткен жылы еңбек инспекциясы 50-ден астам шетелдік қызметкері бар 43 кәсіпорынды тексерілген. Нәтижесінде қазақстандықтар мен шетелдіктердің жалақысындағы сәйкессіздіктің 109 фактісі анықталса, 200-ден астам шетелдік сәйкес келетін дипломсыз жұмыс істеген. Тексеру биыл да жалғасуда. Бүгінде жалақыдағы теңсіздік фактілері әлі де бар. Қазіргі уақытта осындай кемшіліктері бар 10 компания еңбек инспекциясының бақылауында тұр.