196 мың адам жұмыспен қамтылды

Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 6,6 мыңнан астам жобаны іске асыру басталып, оларда 130 мың теңгелік орташа жалақымен 196 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты хабарлады.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:
– әлеуметтік-мәдени нысандарды; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын; инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу; елді мекендерді абаттандыру.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезіндегі ерекше шарт – отандық өндірушілердің кемінде 90%-ының тауарлары мен қызметтерін қолдану. Жұмысшылардың кемінде жартысын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалдап, басымдықды әсіресе жұмыссыз жастарға беру. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.
Бағдарламаға қатысушылардың жартысы ауыл тұрғындары, 40%-ы – жастар және 7%-ы – табысы аз азаматтар.
ЖҚЖК шеңберінде жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесі Шығыс Қазақстан облысы – 20 мың адам немесе 106,2%, Қызылорда облысы – 9,3 мың адам немесе 99,9% және Атырау облысында – 6,9 мың адам немесе 97,7%.
ЖҚЖК аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.