Шетелден келген 20 жолаушы карантинге жатқызылды

Атырауға Стамбул–Атырау әуе рейсімен ұшып келген 20 жолаушы карантинге жатқызылды.

Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Гүлназ Ербатырованың мәліметінше, Стамбул–Атырау халықаралық әуе рейсімен 115 жолаушы ұшып келген. Олардың арасында 95 жолаушының ПТР-тестінің теріс қорытындысы туралы анықтама болған. Ал қалған жолаушыларды карантинге жатқызу туралы шешім қабылданды.

– Түркиядан әуе рейсімен ұшып келген 20 жолаушыда коронавирус инфекциясына ПТР-тест анықтамасы болмады. Сол себептен, олар ПТР-тест қорытындысы шыққанға дейін карантинде болады. Қазір Атырауда карантиндік стационар үшін екі нысан дайындалды. Бұлар – «Шағала» қонақ үйі мен Атырау сервистік колледжінің ғимараты, – деп хабарлады Гүлназ Ербатырова.

Оның айтуынша, ПТР-тест талдауын жасайтын зертханалар тәулік бойы жұмыс істейді.