Әлеумет - 07.10.2020

Қазақстан өзен тасымалының көлемін ұлғайтуды пысықтауда

Қазақстан алдағы уақытта өзен арқылы тауар тасымалын Ертіс өзенінің шегінде ғана емес, Обь өзеніне дейін жүзеге асыратын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

– Жалпы алдағы келісімнің көмегімен екіжақты тасымалдарды хабарлама тәртібіне ауыстыру көзделеді. Жыл сайын 1 сәуірге дейін уәкілетті органдар екіжақты тасымалдарды жүзеге асыратын кемелердің алдын ала тізімдерін келісетін болады. Қажет болған жағдайда жыл ішінде бұл тізімге өзгеріс енгізу мүмкіндігі қаралған, – деді Берік Қамалиев Парламент Мәжілісінде кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын таныстыру барысында.

Оның айтуынша, бұл ретте келісім қабылданғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар өзен тасымалдарын Ертіс бассейні шегінде ғана емес, Обь өзеніне дейін жүзеге асырады.

– Сондай-ақ, Атырау, Астрахан, Волгоград порттары арасындағы екіжақты тасымалдарды жаңарту мәселесі пысықталуда. Осылайша 2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін 1,5 млн. тоннаға дейін жеткізу болжанып отыр, – деді ол.