Атырауда кәсіпқой бокс кеші өтеді
Бұл туралы «Suleimen Promotion» компаниясы Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
«Suleimen Promotion» компаниясы Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен кәсіпқой бокс кешін өткізуді жоспарлап отыр. Осы орайда, компания өкілдері облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесті.
– Кеш барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, көрермендерсіз өткізіледі. Еліміздің жетекші арналарынан тікелей көрсетіледі. Басты жекпе-жекте әлемдік рейтингіде үздік 15-тікке енген екінші орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы өзінің чемпиондық белдіктерін қорғайды,– дейді компанияның атқарушы директоры Танат Нуршин.
Бокс кешінде барлығы 5 жекпе-жек өтеді. Алдағы уақытта оның барлық талаптарға сай ұйымдастырылуы талқыланып, нақты уақыты қосымша хабарланады.
Андеркартта Бек Нұрмағамбетов, Евгений Павлов, Данила Семенов және ҚР Олимпиада комитетінің рұқсатымен Абылайхан Жүсіпов өнер көрсетеді.
Айта кету керек, «Suleimen Promotion» компаниясы Атырау облысында Ибрагим Шияпұлының бастамасымен құрылған. Қазіргі таңда еліміздегі ең ірі бокс промоутерлік команиясы болып табылады. Компания осыған дейін Беларусь, Ресей, Аустралия секілді мемлекеттерде және Алматы қаласында үлкен бокс кештерін ұйымдастырды.