41 бала Кавасакиге ұқсас синдромға шалдықты
Қазақстанда 41 бала Кавасакиге ұқсас синдромға шалдықты. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлім етті. Оның айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтанда мультижүйелі қабыну синдромынан екі бала көз жұмған.
Олардың бірі – 15 жаста. Ол жүйелі қызыл жегімен ауырған. Бұл ауру ағзаны жүйелі түрде зақымдайды. Баланың қанында коронавирус антиденелері анықталды. Екінші бала 2,5 жаста болған. Ол тромбозбен ауруханға түскен. Оның да қан анализінде коронавирус инфекциясы анықталды.
Ведомство мәліметінше, Кавасаки тәрізді синдромға шалдығудың бірінші жағдайы 29 шілдеде тіркелген. Шілде айынан бастап ауырған барлық балаларға қатысты мониторинг жүргізілуде. Бүгінде балалар арасында 41 жағдай тіркелді.