ЖОО профессор-оқытушыларының жалақысы өсті
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов министрлікке қарасты жоғары оқу орындарында профессор-оқытушылар құрамының жалақысы қаншаға артқанын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Оның мәліметінше, министрдің тапсырмасымен ҚР Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты ЖОО профессорларының, доценттерінің және оқытушыларының жалақысын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілген. Білім министрлігі аталған ЖОО-лардың жалғыз акционері ретінде олардың қаржылық саясатының бағыттарын анықтай отырып, жалақыны көтеру туралы мәселе қойды. 2019 жылы ұлттық жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік жоғары оқу орындарында да жалақы өскен. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік тапсырыс құнының өсуіне байланысты профессор-оқытушылар құрамының жалақысы өсті.
Профессорлар бойынша ұлттық жоғары оқу орындарында жалақы – 29%-ға, мемлекеттік жоғары оқу орындарында 19%-ға өсті. Доценттер бойынша ұлттық ЖОО-ларда жалақы – 31%-ға, мемлекеттік ЖОО-ларда 11%-ға артты. Ғылыми дәрежесі жоқ оқытушылар бойынша – ұлттық ЖОО-ларда – 32%-ға және мемлекеттік ЖОО-ларда 18%-ға өскен.
Оның айтуынша, екі жыл ішіндегі жалақы көлемі ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты ЖОО-ларда профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысының айтарлықтай өскенін көрсетеді. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады.