Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 130 мыңға жуық шағым түскен
Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға жуық шағым түскен. Бұл туралы ҚР Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди бүгінгі мәжілістің жалпы отырысында мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
– Статистикаға тоқталсақ, биылғы 8 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға тарта өтінім келіп түсті. Нәтижесінде 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалды, 30 мыңға жуығы әкімшілік іс санатында. Ал қалған жағдайларда жәбірленушілер шағымнан бас тартқандықтан тиісті шараларды қолдана алмадық, – деді вице-министр.
Сондай-ақ, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында әзірленді.