Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ құрылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Қор «Индустриялық даму» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының қаржы операторы – «ДБ-Лизинг» АҚ базасында құрылды.
Қор өңдеуші өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге мүмкіндік беріп, оларды 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталады.
Қор қызметінің негізгі басымдығы осы жылдың қыркүйегіндегі Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру болады.