25 ЖОО-дан 60 лицензия қайтарылды

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша лицензиясына 60 қосымшасын қайтарып алды. Бұл туралы министрліктің ресми сайты хабарлады.
Мемлекет басшысының жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында БҒМ тиісті шараларды қабылдауда.
Лецензиялардың басым бөлігі Комитеттің тексерісінен кейін қайтарылып алынған.
Негізінен бұл ЖОО-лар «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техника ғылымдары», «Қызмет көрсету» және «Әлеуметтік жұмыс», «Әлеуметтік ғылымдар» бағыттары бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырды.
Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша ЖОО-лардың нормативтік құқықтық актілерді сақтамағаны анықталды. Олқылықтарға негізінен талапкерлерді қабылдау, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, конкурс арқылы алмастыру, оқу жүктемесін жоспарлау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау, диплом бланкілерін есепке алу бойынша жол берілген.