42 500 теңгенің жыры 1 желтоқсанға дейін жалғаспақ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты 42 500 теңгені алуға құқығы жоқ деп танылған тұрғындардың өтінішін 1 желтоқсанға дейін қайта қарайтындарын мәлімдеді.
– Бұдан бұрын 42 500 теңге әлеуметтік төлемін тағайындау туралы өтінішіңізге бас тарту туралы шешім қабылданған болса, өтінішіңізді қайта қарау мүкіндігі берілуде. Ол үшін аудандық немесе қалалық штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беруіңіз керек. Шағын және орта бизнес, ірі кәсіпкерлік қызметкерлері, коммерциялық емес заңды тұлғалар үшін өтінішті жұмыс беруші тарап бере алады. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін берілетінін ескерген жөн.
Жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар өздеріне қатысты әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, шешімді қайта қарауға өз бетінше өтініш бере алады, – делінген хабарламада.