22 тонна жүк жол бойында жанып кетті
Атырау облысында Түркиядан Қырғызстанға бара жатқан шетелдік көліктің тіркемесі өртеніп, 22 тонна жүк жанып кетті.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға Исатай ауданындағы Жанбай ауылының тұсында болған.
– 31 тамызда жергілікті уақытпен сағат 03:00 шамасында Астрахан – Атырау жолының бойында шетелдік «MAN» көлігінің тіркемесі өртенді. Көлік жүргізушісі Түркия азаматының айтуынша, тіркемеге 22 тонна мақта рулоны тиелген. Жүкті Түркиядан Қырғызстанға апара жатқан. Өртті сөндіруге Исатай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің 4 қызметкері мен 1 техника жұмылдырылды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Шетелдік көліктің тіркемесіндегі жүк толығымен жанып кеткенмен көлік кабинасы бүлінбеді. Өрттен зардап шегушілер жоқ.