Айыптылар 1,2 миллион теңге төлейді
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Өңір полицейлері бүгінге дейін 600-ге жуық хаттама толтырған.
– Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат – экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесу, экологиялық жағдайды жақсарту, облыс тұрғындарына қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық танытуды түсіндіру. Әсіресе, адамдар көп жиналатын өзен жағалаулары, Индер ауданындағы Тұздыкөл жағалауы, Жылыой ауданындағы Қамыскөл жағалаулары мен демалыс аймақтарына рейдтер ұйымдастырылуда, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, су айдындарының жағалауларында ішімдік ішіп, мас күйінде жүруге қатысты 21, жасыл желектерді бүлдіру бойынша 28, белгіліленбеген орындарда балық аулауға қатысты 47, рұқсат етілмеген жерде шомылу дерегі бойынша 247, темекі, қоқыс қалдықтарын лақтыру фактілері бойынша 27 дерек анықталды. Құқық бұзушыларға 1 242 680 теңге айыппұл салынды.