Заңсыз сауда айналымынан 9 тоннадан астам балық тәркіленді
Атырау облысының полицейлері жыл басынан бері балық қорына заңсыз қол сұққандарға қатысты 57 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер биылғы 6 айда балық қорын қорғауға қатысты құқық бұзушылықты төмендетуге қол жеткізген.
— Мұндай нәтижеге браконьерлік үшін жауапкершіліктің қатаңдатылуы оң ықпалын тигізді. Сонымен бірге, карантин режимін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген іс-шараларға да байланысты болып отыр, — дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Жыл басынан бері жүргізілген профилактикалық іс-шаралар кезінде табиғат қорғау заңнамасы 337 мәрте бұзылып, оның 305-і балық қорына қол сұғуға қатысты болған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері 57 қылмыстық іс қозғаған. ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 383-бабымен 276 хаттама толтырылған.
Құқық бұзушыларға 3 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, 1,5 млн. теңгеден астамы өндірілген. Заңсыз сауда айналымынан 9 тоннадан астам балықты тәркіледі. Оның ішінде бекіре тұқымдас бағалы балықтың 999 келісі бар. Сондай-ақ, 284 ау мен 2 қайық бар.