Президент карантин шараларын 2 аптаға ұзартуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Премьер-Министр Асқар Мамин Президентке 5-шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады. Бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.
Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті.
Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.