Дәріні қымбатқа сату тыйылмай тұр
Атырау облысының аумағында дәрілік препараттардың бағасын негізсіз көтеретін заңды және жеке тұлғаларды анықтау мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шаралар барысында бағаны заңсыз көтерген бірнеше дәріхана анықталды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаменті хабарлады.
Полицейлер өткен демалыс күндері Атырау қаласында дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан бес дәріханамен қатар препараттар мен медициналық құралдарды заңсыз сату фактілерін анықтады.
Қаладағы Баймұханов, Тайманов, Жарбосынов, Сатыбалдиев көшелеріндегі және Жұмыскер селосындағы дәріханаларда
бағасы 4240,87 теңгеден 5640,36 теңгеге дейін тұратын Ингавирин 6000-7000 теңгеден, бағасы 583 теңге Новиган НЕО препараты 710 теңгеден, бағасы 342,68 теңге новокаин 500 теңгеден сатылған.
— Шілде айының 20 күні ішінде полиция департаментінің қызметкерлері осындай 20-дан астам деректерді анықтады, — деп хабарлады облыстық ІІД бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Бұдан басқа осындай заңсыздықтың жеті фактісі анықталып, барлық деректер бойынша жинақталған құжаттар Атырау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.