Атырауда науқастар үшін екі шатыр тігілді

Атырауда дәрігер мамандар жетіспеушілігін шешу үшін ішкі ресурстар пайдаланылады. Яғни, медицина факультетінің жоғарғы курс студенттері салаға тартылатын болды. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, аймақтағы дәріханаларға демеушілердің қолдауымен дәрі-дәрмектер жеткізіледі. Мұның бәрі аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің бүгін облыстық ауруханадағы жағдаймен танысуы кезінде анықталды.

Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға орай, облыстық аурухана жанынан 400 орындық инфекциондық стационар жасақталады.
— 2-шілдедегі жағдай бойынша, Атырауда коронавирустық инфекцияның барлығы 4 747 жағдайы тіркеліп отыр. Теңізі кеніші — әлі де қауіпті аймақ қатарында. Өйткені, науқастардың 1 582-сі аталмыш сол жерден шықты.
Қазіргі уақытта аймақта 619 адам коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр. Сонымен бірге, денсаулық сақтау орындары 115 ИВЛ аппаратпен қамтылды, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы соңғы кезде дәрі-дәрмектердің дәріханаларда болмай қалуын шешу жолдарының да қарастырылғанын жеткізді. Атап айтқанда, Атырау облысына бірер күнде демеушілік қолдаумен дәрі-дәрмектер жеткізілетінен мәлімдеді.

Қазіргіуақытта аймақта онлайн дәрігерлік кеңес қызметі ұйымдастырылып жатыр.

— Аурулардың санын азайту мақсатында облыс басшысының тапсырмасымен жедел жәрдем бекетіне келіп жатқан сұраныстарды азайту үшін, жақында ғана call-орталық ашылды. Сол арқылы күніне 150-160-қа дейін онлайн кеңестер беріліп жатыр, — деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сондай-ақ, Нұрлыбек Қабдықапаров Атыраудағы дәрі жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.

—Дәріханалардың барлығы — жекеменшік. Бұл саладағы ахуалға араласу біздің құзыретімізге кірмейді. Десе де, облыс әкімінің тапсырмасымен демеушілік қолдау арқылы дәрі-дәрмек жеткізу ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, «СК Фармация» арқылы облыстағы емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмек жеткізу жөнінде жұмыстар жүргізілуде, — деді ол.
Бүгінгі таңда Атырау облыстық ауруханасында 400 орынға инфекциондық стационар жасақтауға орын дайындалуда. Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Ахметқалиевтың айтуынша, бүгінде облыстық аурухананың инфекциондық стационарында 290 науқас ем қабылдап жатыр.
— Аурухана ауласына екі шатыр тігілді. Науқастар жаппай түсетін жағдай орын алса, оларды палаткаға орналастырамыз. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетілетін болады. Екінші палатка волонтерларға арналып отыр. Еріктілер ауруханадағы науқастардың денсаулығына шағымы, жағдайы бойынша ақпарат жинақтап, емдеуші дәрігерлерге шұғыл мәлімет жеткізіп отыратын болады, — деді бас дәрігер.

Облыс әкімі індетпен күресу әлем үшен оңайға соқпай тұрғанына тоқтала келе, кез келген жағдайға дайын болуымыз керектігін айтты.