Макс Боқаевта коронавирустың белгілері бар

Қамау жатқан саяси белсенді, Атырауда көтерілген жер дауының басы-қасында жүрген Макс Боқаевтың коронавирус дертіне шалдыққаны хабарланды. Бұл туралы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюросының ресми сайты белсенді Талғат Аянның Facebook-тегі жазбасына сілтеме жасай отырып жазды.

«Достар, қазір ғана Макс Боқаев хабарласып, бес күннен бері температурасы 38,2 болып, жөтеліп, дәм сезбей қалғанын айтты. Бұны коронавирус деп ойлап отырмын. Оның айтуынша, қазір ол ем алуда, жағдайы бір қалыпты, антибиотиктер қабылдауда. Түрме қызметкерлері мен өзге де жазасын өтеушілер ауруда. Мен Максты жақсы білемін, ол бекерден-бекер шағымданбайды. Сол себепті де алаңдап отырмын» деп жазды Аян Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, Талғат Аян өзінің жазбасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, төрт жылдан бері қамауда отырған Макс Боқаевты босатуды талап етті. Оның айтуынша, АҚШ сенаторларының да Қазақстан билігінен Боқаевты бостандыққа шығаруды талап етіп жатқан көрінеді.