«Жасыл ел» жолға шықты
Атырау облысында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы 10-шілдеден басталады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Облыс бойынша биылғы еңбек маусымында мың жас жұмыспен қамтылмақ. Оның үш жүзі қала басында болады. Ал әр ауданда жүз адам жұмыс істейді. «Жасыл Ел» жастар жасағының облыстық жетекшісі Абылай Құрметұлының айтуынша, бүгінде аймақтың табиғатын қорғап, көркейту үшін 700-ге жуық адам өтініш білдіріп үлгерген.
— Жаңа маусымға тіркеу онлайн режимде жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта өтініш білдіруші 671 адам бар. Бірақ, олардың бәрі бірдей жарамды деген сөз емес. Тіркелушілердің құжаттары қосымша тексерілетін болады. Атап айтар болсақ, жеке куәлік, Kaspi Gold 20 саны, 18 жасқа толмаса ата-анасының рұқсат қағазы керек. Қазіргі жағдайға байланысты барлық сарбаздар қолғаппен, маскамен қамтамасыз етіледі және арақашықтықты сақтап жұмыс істейтін болады, — дейді Абылай Құрметұлы.
Жоба аясында биыл да әдеттегідей барлық ауданда және қала басында ай сайын #TrushtagAtyrau акциясы ұйымдастырылып, облыс жастары арасында экологиялық мәдениет пен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кемінде 10 іс-шараны өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жастар жасағына тіркелу мына жерде жүріп жатыр.