«Абай ТВ» және «Әл-Фараби» телеарналары іске қосылады
ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде биыл екі бірдей телеарнаның ашылатыны туралы хабарлады.
– Министрлік отандық ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және арттыру мақсатында көптеген жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта биыл «Абай ТВ» және «Әл-Фараби» телеарналарын ашу мәселесі қарастырылуда. «Абай ТВ» телеарнасын 30-маусымда іске қосамыз. Ол «Қазақстан» ТРК құрамына кіреді және отандық мәдениеттің байлығы мен мұрасына арналған жаңа арна болады, – деді Балаева.
Сонымен қатар министрдің мәліметінше, «Әл-Фараби» тележобасы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерден тұратын аудиториясы бар білім берудің жаңа телевизиялық платформасына айналмақ. Министрдің айтуынша, бұл – пандемия айқындап берген қажеттіліктердің бірі ғана. Арна «Хабар» агенттігінің базасында оқу жылының басында іске қосылатын көрінеді.