Кәсіпкерлерге 6%-дық несие беріледі
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың мәлімдеуінше, Қазақстанда микро және шағын кәсіпкерлерге 6 проценттік кредит беріледі. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Үкімет отырысында министр «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы аясында президенттің тапсырмасымен микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу бағыты іске қосылатынын айтты.
— Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен 6 пайыздық несие беріледі. Кредит айналым қаражатты толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды, — деді Руслан Дәленов.
Ал коммерциялық банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алуға болатын кредит мөлшерінің 85 пайызына дейін мемлекет кепілдік бермек. Сонымен қатар, субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру жолдары барынша жеңілдетіледі.
Кешенді жоспар салықтық ынталандыру және әкімшілендіруді оңайлату, экспортты дамыту және импортты алмастыру, өнеркәсіпті дамыту қорын құру және тағы басқа мақсаттарға бағытталған.