Атырауда инфекциялық аурухана салыну мүмкін
Бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау облысында осы жылдың тамыз айының соңына дейін инфекциялық аурухана салынып, пайдалануға берілуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
— Өңірде 595 орындық инфекциялық стационар, оның ішінде Атырау қаласында №2 облыстық ауруханада 180 орын, Теңіз кенішінде 315 және Махамбет ауданындағы диспансерде 100 орын ұйымдастырылды. Облыстағы 280 орындық инфекциялық стационарда 198 науқас ем алып, көрсеткіш 70,7 пайызды құрап отыр. Ал Теңізде ұйымдастырылған 315 орындық стационарда бүгінгі күні 164 науқас ем қабылдауда. Бүгін облыс бойынша ауру белгілерімен тіркелген 17 жағдайдың 15-і және ауру белгілері жоқ 82 жағдайдың 63-і қала мен аудандарға тиесілі. Өңірімізде көптеген кәсіпорын бар және оларда 35 мың адам вахталық ауысыммен жұмыс істейді. Аталған мәселелерді ескере отырып, облыс аумағында көпбейінді инфекциялық аурухананың қажеттілігі туындап отыр, — деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, бұған дейін Энергетика министрлігімен бірге Солтүстік Каспий жобасының мердігер компанияларымен аталған аурухана құрылысына байланысты келіссөздер жүргізіліп, толыққанды нәтижеге жеткен жағдайда аурухана құрылысын тамыз айының соңында аяқтау жоспарланып отыр.
Атырау облысы әкімінің дерегінше, өңірде ауру белгілері жоқ науқастардың көбеюі салдарынан үйдегі амбулаториялық бақылауға алынған адамдар саны 624-ке жетті. Үй жағдайында өзін-өзі оқшаулауға мүмкіндігі жоқ науқастардың карантиндік стационарлардағы саны соңғы екі апта ішінде 31-ден 200-ге дейін көбейген.