Атырауда карантин қайта күшейді

Бүгін Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиев Атырау облысы аумағында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты қаулы шығарды. 

18-маусынан бастап Атырау қаласы мен Атырау облысы аумағында 23:00-ден 06:00-ге дейін арнайы көліктерден басқа көлік қозғалысына тыйым салынды. Сонымен қатар, тұрғындарға сағат 06:00 және 23:00 аралығында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, тек жұмысқа баруға, қажетті қызметтер мен тұтыну өнімдерін алуға қызметтік, жеке, қоғамдық көлікпен жүруіге рұқсат берілді.

Жиналыстар бейнебайланыс арқылы өткізіліп мемлекеттік қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан қызмет ету форматына ауысады.

ХҚКО онлайн режимінде қызмет көрсетуге өтеді. Онлайн режимде көрсетілуі мүмкін емес қызметтер алдын-ала жазу бойынша сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асатын болады.

Азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметі сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, гипермаркеттер, супермаркеттер және басқа да азық-түлік дүкендері сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Білім беру орталықтары (10 адамнан көп емес), сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін қызмет етсе, сұлулық салондары барлық қызмет түрлері алдын-ала жазылу бойынша сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін, ал фитнес-орталықтар (10 адамнан көп емес), СПА салондар, бассейндер сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін қызмет ететін болады.

Мектепке дейінгі барлық балалар ұйымдарының қызметіне, адам көп шоғырланатын орындардарға баруға және отбасылық шаралар өткізуге толықтай тыйым салынды.

Қауылының толық нұсқасымен осы жерде таныса аласыздар.