Атырауда COVID-19 жұқтырған ана босанды
Бүгін Атырауда коронавирус инфекциясына шалдыққан жетінші жүкті әйел дені сау баланы өмірге әкелді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Акушерлік көмекке облыстық перинаталдық орталықтың мамандары атсалысқан. Қазіргі уақытта нәрестеден коронавирус инфекциясына талдау алынып, таза палатаға ауыстырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сүйенсек, әйел —Қызылқоға ауданының тұрғыны.
— Сәбидің салмағы 3,4 келі болса, бойы 52 см. болды. Екеуінің де жағдайы жақсы. Жас анаға тиісті ем шаралары әрі қарай жүргізілетін болады, — деп мәлімдеді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.
Бұған дейін облыста коронавирус диагнозымен ем қабылдап жатқан 4 және жазылып шыққан 2 әйел аман-есен босанған еді.