Атырауда жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қымбаттаған

Ranking.kz сайтының сарапшылары жасаған қорытынды бойынша, Шымкент қаласы (4,6 пайыз), Маңғыстау (4) және Атырау (3,7) облыстарында көкөніс пен жеміс-жидек бағаларының күрт қымбаттауы тіркелген.
Керісінше, Нұр-Сұлтан қаласы (-0,6 пайыз), Қарағанды (-3,4), Павлодар (-0,2) және Батыс Қазақстан (-0,1) облыстарында бағаның арзандауы байқалады.

Жалпы, мамыр айында көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы 1,5 пайызға артса, бұл көрсеткіш 1 жыл ішінде 10,1 пайызға дейін жеткен.
Жеміс-жидектің құны өткен айда 6,1 пайызға қымбаттап, жыл бойынша 26,4 пайызға өсіпті. Картоп өнімі де мамырда 6,1 пайызға артып, бір жылдық қорытынды бойынша 45,8 пайызға қымбаттаған.
Сарапшылар Қазақстан бойынша қымбаттаған көкөністің ішінде пияз бен сәбіз бағасының ең көп өскенін айтады: жуа 117,3 теңгеге дейін көтерілсе, бір келі сәбіздің бағасы 128,8 теңгеге жеткен.
Ал арзандағандардың қатарында қырыққабат, қияр және қызанақ бар.
Осыған дейін ауыз суға ең көп ақша төлейтін атыраулықтар екені анықталған еді. Мұнайлы өлкенің тұрғындары 1 литр суға орташа есеппен 116 теңге жұмсайды.