Атыраулық ауыр атлеттің айлығы дауға айналды
Ауыр атлетикадан олимпиада чемпионы Нижат Рахимов соңғы бес айда 4 250 000 теңге жалақы алған. Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт комитетінің журналистерге берген жауабында көрсетілген.
Осыған дейін атыраулық ауыр атлет соңғы бірнеше айда айлық алмағаны туралы шағымын жариялаған еді. Содан кейін ұлттық құраманың басқа да мүшелері оның сөзін растап, өздерінің де еңбекақыға қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді. Олардың ішінде 2016 жылғы олимпиада жүлдегерлері Карина Горичева пен Денис Уланов, 2019 жылғы ӘЧ жүлдегері Игорь Сон, әртүрлі турнирлерде жүлде алып жүрген Ибрагим Берсанов, Айдар Қазов пен Рүстем Сыбай сынды спортшылар бар.
Осы мәселеге орай ҚР Дене шынықтыру және спорт комитеті аталған спортшылардың соңғы 5 айда қанша жалақы алғандарын жария етті:
Нижат Рахимов – 4 250 000 теңге (айына орташа 850 000 теңге);
Денис Уланов – 2 250 000 теңге (айына орташа 450 000 теңге);
Игорь Сон – 1 250 000 теңге (айына орташа 250 000 теңге);
Карина Горичева – 1 000 000 теңге (айына орташа 200 000 теңге);
Ибрагим Берсанов – 823 868 теңге (айына орташа 164 773 теңге);
Айдар Казов – 795 701 теңге (айына орташа 159 140 теңге);
Рустем Сыбай – 778 801 теңге (айына орташа 155 760 теңге);
«Айлық алмадық» деген атлеттер мен «айлығын бердік» деген комитеттің қайсысы ақ сөйлегенін алдағы уақытта көре жатармыз.